Арал көпсалалы колледжінде «Патриоттық ұрпақ, рухты жастар, жарқын болашақ» тақырыбында 7 мамыр Отан қорғаушылар және 9 мамыр Ұлы Жеңіс күніне орай Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы подполковник Саянов Серік Елшіұлы «Семей сынақ полигоны» ардагерлер кеңесінің төрағасы Ізтілеуов Қаражан Қайыпұлы және кеңестің мүшесі Кенжебаев Берік Бағланбайұлының қатысуларымен кездесу ұйымдастырылды.
Шараны колледж директоры Әбішов Нұралы Қалиұлы ашып, мерекелерімен құттықтап, айтулы мерекелердің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалғаннан кейін, Ұлы Отан соғысы туралы деректі фильм көрсетіліп, майдангерлерді еске алуға арналған үнсіздік жарияланды. Онан кейін сөз алған ардагерлеріміз Семей полигонында әскери борышын өтеу барысындағы болған жағдайларға байланысты естеліктерін айтып, білім алушыларға тәрбиелік маңызы бар әңгімелерін айтты.
Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы қазіргі кездегі Қарулы Күштерімізде болып жатқан жаңалықтармен таныстырып, патриоттық такырыпта әңгіме өрбітті. Колледж студенттері патриоттық әндер орындап, Отан туралы өлең оқып, АК - 74 автоматын бұзып жинау тәсілдері бойынша көрініс көрсетті. Келген қонақтар студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, жастарды отансүйгіштікке баулитын әсерлі әңгімелерімен бөлісті.