Бүгін Қарттар күні қарсаңында колледжімізде ерекше құрметке толы, жүрекке жылы әсер қалдырған тағылымды іс-шара өтті. Алдымен оқу ордамызға арнайы шақырылған ардагер ұстаздарымызға арналған мерекелік кездесу ұйымдастырылып, колледж ұстаздары концерт қойып, ардагерлерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Күй шертіліп, әсем әндер шырқалып, жүректен шыққан алғыс сөздер айтылды. Бұл — кейінгі буын ұстаздарының ардагерлерге деген шынайы ризашылығы мен құрметінің жарқын көрінісі болды.
Сондай-ақ, экологиялық тәрбиені дәріптейтін «Еңбек аллеясы» жобасы аясында колледж аумағында ағаш отырғызу шарасы өткізілді. Табиғатты аялауға бағытталған бұл игі іске ТжКББ ардагерлері, педагогтер әулетінің өкілдері мен түрлі сала мамандары белсене қатысты.
Ардагерлерімізге арналған құттықтаулар бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Алтынай Баймбетова тарапынан жалғасып, естелік сый-сияпаттар тарту етілді.
Колледж директоры Нұралы Әбішов ардагерлерге жылы лебізін білдіріп, олардың білім саласына қосқан зор үлесі үшін алғысын жеткізді. Шара соңында ардагер ұстаздарымыз ақ баталарын беріп, ізгі тілектерін арнады.
Бұл күн – табиғатты қорғау мен үлкенге құрмет көрсету секілді асыл құндылықтарды жастардың бойына сіңіруге бағытталған мағыналы бастамаға айналды.


